Accessibility links

Армения референдум қорытындысын бекітті


Референдумде дауыс беру аяқталған соң бюллетень салатын жәшікті ашып жатқан сәт. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Референдумде дауыс беру аяқталған соң бюллетень салатын жәшікті ашып жатқан сәт. Ереван, 6 желтоқсан 2015 жыл.

Армения парламенттік билік жүйесіндегі республика болуға түбегейлі бет бұрды. Бүгін бұл елдің орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 6 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық референдумнің түпкілікті қорытындысын бекітті. Референдумге қатысқан сайлаушылардың 63 пайыздан астамы Армения президенті Серж Саргсян ұсынған конституциялық реформа жобасын қолдаса, 32 пайыздан астамы – қарсы дауыс берген.

ОСК референдум кезіндегі жаппай бұрмалаушылықтар мен дауыс беру нәтижесіне ықпал еткен айла-шарғылар жайлы мәлімдеп, дауыс беру қорытындысын заңсыз деп тануды талап еткен оппозициялық «Армян халық конгресі» (АХК) партиясының арызын қарауды бастаған. АХК партиясының парламенттегі фракциясы жетекшісі Левон Зурабянның сөзінше, іс жүзінде конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысты сайлаушылардың 30 пайыздан сәл астамы ғана қолдап, 69,7 пайызы қарсы дауыс берген.

Оппозиция өкілдері «Саргсян осындай амалмен 2018 жылы екінші әрі соңғы президенттік өкілеттілігі аяқталған соң да билікте қала бергісі келеді» деп санайды. Олардың пікірінше, конституциялық өзгерістен соң Саргсян премьер-министр қызметіне ауысып, іс жүзінде мемлекеттегі бірінші адам болып қала бермек. Жаңа конституцияда президенттің өкілеттігі айтарлықтай тарылады.

Реформаға сәйкес, шектеулі өкілеттікке ие президентті енді қызметке парламент депутаттары сайлайды. Президент ешбір партияға мүше бола алмайды. Жоғарғы атқарушы билікті басқаратын премьер-министрді парламенттік көпшілік ұсынып, президент бекітеді. Қарулы күштер үкіметке бағынады, соғыс бола қалған жағдайда премьер-министр жоғарғы бас қолбасшы міндетін мойнына алады. Осы уақытқа дейін бұл міндет президенттің құзырында болып келген еді.

XS
SM
MD
LG