Accessibility links

Назарбаев: Дағдарыс қатты тиеді деп күтпегенбіз


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Астанадағы бас кеңсесі. (Көрнекі сурет.)

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Астанадағы бас кеңсесі. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан билігі дағдарыстың болатынын күнібұрын сезгенімен, дәл осындай ауыр болады деп күтпеген. Бұл туралы жексенбі күні мемлекеттік телеарнадан берілген сұхбатта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мойындады.

«Біз бүгінгі дағдарыс туралы білгенбіз, бірақ қаншалықты қиын тиетінін білмедік. Біздің экспорттық тауарларымыз – мұнай, металдар, газ бағасы құлдырады, әсіресе мұнай бағасы құлады: жыл ортасында 115 доллар тұрған мұнай қазір 40 доллардың төңірегінде. Мұның барлығы біздің бюджетіміздің кірісін 180 миллиард теңгеге кемітті» деді ол.

Қазіргі кезде дағдарыс жағдайындағы іс-қимылға қатысты тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан Назарбаевтың сөзінше, көршілес Ресейдің жағдайы да Қазақстанға кері әсерін тигізген.

«АҚШ пен Еуропада экономикалық ахуал тұрақты. Бізге қатты тиіп тұрғаны – Ресейдің жағдайы, оның Еуропа және Түркиямен қайшылығы. Қытайдағы ахуал да бізге кері әсерін тигізді», - деді Назарбаев.

Қазақстан мемлекеттік бюджетінің ауқымды бөлігін мұнайдан түскен кіріс құрайды. Аяқталып отырған аптада әлемдік ақпарат агенттіктері Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы нарықта 40 доллардан төмен түсіп кеткенін хабарлаған. Шикізат бағасы өткен аптада ОПЕК ұйымына мүше елдер мұнай өндірісі көлемін қысқартпау туралы шешім қабылдаған соң тоқтаусыз құлдырай бастаған.

XS
SM
MD
LG