Accessibility links

Борышкерлер Алматы әкімдігіне жиналды


Ұлттық банк ғимараты алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.
Ұлттық банк ғимараты алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Алматыда бүгін ипотекалық несиемен үй алдық деген бір топ борышкер қалалық әкімдік алдына жиналды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, борышкерлер әуелде қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездестіруді талап еткен. Бірақ әкімдік өкілі олардың кіммен кездесетінін айтпады. Борышкерлердің Азаттыққа айтуынша, олар бұған дейін қала әкімдігіне хат жазған. Хатта борышкерлер әкімдіктен үкіметтің проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы толық аяқталмайынша борышкерлерді үйлерінен шығармауды тоқтата тұруына ықпал етуді сұраған. Борышкерлер бүгін сол хаттарына жауап алу мақсатымен жиналған.

Бұдан өзге борышкерлер әкімдіктен өздерінің проблемасына қатысты Республика алаңында бейбіт жиын өткізуге рұқсат беруді сұрап, Байбекке борышкерлер басындағы мәселенің Алматыдағы "ең өзекті проблемалардың бірі екенін" айтпақ ниетте.

Борышкерлер бұған дейін де несиені қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталмайынша өздерін үйлерінен шығаруды тоқтатуды талап етіп ұлттық банк алдында наразылық танытқан.

Биыл ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп ипотекалық тұрғын үй бойынша қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешуді тапсырған. Бұдан соң ұлттық банк проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге қаржы бөлген. Ол қаржының жартысына жуығы екінші деңгейлі банктерге аударылған. Қарашаның басында ұлттық банк 3 мың 500 проблемалық ипотекалық несие қайта қаржыландырылғанын хабарлаған. 1 қарашаға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға 11 мың өтініш түскен. Оның 6 мыңы бойынша несиені қайта қаржыландыру туралы оң шешім шыққан.

XS
SM
MD
LG