Accessibility links

Борышкерлер Алматы әкімімен кездесе алмады


Қалалық әкімдік алдында тұрған борышкерлер. Алматы, 14 желтоқсан 2015 жыл.

Қалалық әкімдік алдында тұрған борышкерлер. Алматы, 14 желтоқсан 2015 жыл.

Алматы әкімдігіне барған ипотекалық несиемен үй алдық деген борышкерлер бүгін қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездесе алмады. Оның орнына борышкерлер ішкі саясат басқармасының бастығы Саясат Нұрбекпен кездесті.

Борышкерлердің Азаттыққа айтуынша, олар әуелде Байбекпен кездесіп, бастарындағы жағдайды жеткізбек болған. Бірақ әкімдік қызметкерлері өздерін Саясат Нұрбекпен ғана кездестірген. Кездесуде олар әкімдік шенеунігіне бұған дейін қала әкімдігіне жазған хаттарына жауап сұраған. Хатта борышкерлер әкімдіктен үкіметтің проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы толық аяқталмайынша борышкерлерді үйлерінен шығармауды тоқтата тұруына ықпал етуді сұраған. Олар бұған қоса тұрғын үй мәселесін көтеріп, Республика алаңында бейбіт жиын өткізуге рұқсат беруді сұраған.

Саясат Нұрбек борышкерлерге үйден шығаруды тоқтату мәселесі тәуелсіздік мерекесінен кейін қаралатынын айтқан. Ал бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті қалалық прокуратураға жазуды ұсынған.

Борышкерлер бұған дейін де несиені қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталмайынша өздерін үйлерінен шығаруды тоқтатуды талап етіп ұлттық банк алдында наразылық танытқан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG