Accessibility links

Анкара: Мәскеумен қатынасты нашарлату ниетіміз жоқ


Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу.

Анкара Мәскеумен қарым-қатынасын шиеленістіргісі келмейді деп мәлімдеді Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Бұл туралы ол Ресей қорғаныс министрлігі Эгей теңізінде ресейлік әскери кеменің Түркияның балық аулайтын кемесіне ескерту ретінде оқ атқаны туралы хабарлағаннан кейін айтты.

Чавушоглудың сөзінше, Анкара қашан да жанжалдың алдын қақтығыспен емес, диалогпен алуды жақтап келген. Түркиялық кеме капитаны Музаффер Гечиджи Dogan агенттігіне өз кемесінде оқ атылғанын және жақын маңда Ресей әскери кемесі жүргенін білмегенін айтқан.

Кеше Ресей қорғаныс министрлігі Мәскеудегі Түркия әскери атташесін шұғыл шақыртқанын хабарлаған. "Түркиялық әскери дипломатқа ресми Анкараның ресейлік әскери контингентке қатысты аңдаусыз жасаған іс-әрекетінің салдары ауыр болатыны туралы қатаң түсінік берілді" деген қорғаныс министрлігі.

Ресей қорғаныс министрлігінің ұйғарымынша, 13 желтоқсан күні таңертең Эгей теңізінде "Сметливый" әскери кемесі өзіне "жақын келген" Түркия туы бар балық аулайтын кеме ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болған. оқ атылған соң түркиялық кеме бағытын өзгерткен.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы 24 қарашада түркиялық әскерилер Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін нашарлаған. Анкара ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзды және ескертулерді елемеді дейді, бірақ Мәскеу мұны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG