Accessibility links

Сербия ЕО-ға кіру келіссөзін бастайды


Сербия премьер-министрі Александр Вучич (сол жақта) ЕО-ның кеңею және тату көршілік мәселелері бойынша комиссары Йоханнес Ханмен бірге. Брюссель, 14 желтоқсан 2015 жыл.

Сербия премьер-министрі Александр Вучич (сол жақта) ЕО-ның кеңею және тату көршілік мәселелері бойынша комиссары Йоханнес Ханмен бірге. Брюссель, 14 желтоқсан 2015 жыл.

2012 жылы Еуропа Одағына (ЕО) мүше болуға үміткер ел мәртебесін алған Сербия бүгін Брюссельде өтетін үкіметаралық конференцияда ЕО-ға кіру туралы келіссөздің алғашқы екі кезеңін бастайды.

Ресми мәлімет бойынша, келіссөз қаржылық бақылау мен Сербияның 2008 жылы тәуелсіздігін жариялаған Косовомен қарым-қатынасын оңалтуға арналған.

Брюссельге барған Сербия делегациясы құрамында премьер-министр Александр Вучич, сыртқы істер министрі Ивица Дачич және еуропалық интеграция жөніндегі министр Ядранка Йокисмович бар. ЕО атынан келіссөзге Еуропа кеңесіне төрағалық етіп жатқан Люксембург сыртқы істер министрі Жан Ассельборн, ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини, кеңею және тату көршілік мәселелері бойынша комиссар Йоханнес Хан, одаққа мүше 28 ел өкілдері қатысады.

Сербияның ЕО-ға кіруіне қатысты келіссөздің басталатыны 2014 жылы жарияланған болатын. Бірақ келіссөздің алғашқы кезеңін бастауды биылғы жыл соңына дейін күтуге тура келген. Еуропа комиссиясы қарашада Сербияның еуропалық талаптарға жақындауына оң баға берген. Еуропа комиссиясы бұған қоса, Белградқа сыртқы саясатының көпшілік бағытын ЕО саясатымен үйлестіруге кеңес берген.

XS
SM
MD
LG