Accessibility links

Йеменде уақытша бітім күшіне енеді


Йемен астанасы Сана қаласы. Қазан, 2015 жыл. (Көрнекі сурет).

Йемен астанасы Сана қаласы. Қазан, 2015 жыл. (Көрнекі сурет).

Сауд Арабиясы бастаған коалиция қолдап отырған Йемен үкіметі 15 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша түс кезінен бастап уақытша бітім орнайтынын хабарлады. Бітім уақыты Швейцарияда өтетін Йемендегі қақтығысты тоқтату туралы келіссөз басталатын уақытпен сәйкес келіп тұр.

Коалиция қолдайтын үкіметшіл күштер осы жылдың басында хусит көтерілісшілері (шииттер) мен олардың одақтастарын елдің басым аймағынан ығыстырып, президент Абд-Раббу Мансур Хади билігін қалпына келтірген. Коалиция 14 желтоқсан күні бітім орнағанына қарамастан "бітім бұзылса, шабуылға жауап қату құқығына ие" екенін мәлімдеген.

"Қақтығысты тоқтату мерзімі келіссөз өтетін 15 желтоқсаннан 21 желтоқсанға дейін созылады және ол қарсы тарап келіскен жағдайда ұзартылады" деп жазылған үкімет мәлімдемесінде.

Йеменде Сауд Арабиясы бастаған коалиция мен Иран қолдайтын хусит көтерілісшілері арасында тоғыз ай болған қақтығыстан 6 мыңға тарта адам қаза тапқан.

Бұдан бұрын БҰҰ-ның келіссөз жүргізіп, бітім орнату әрекеті сәтсіз болып, Йеменде гуманитарлық дағдарыс пен тұтастай қирауға әкеп соқтырған.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырлары мен "Әл-Қаиданың" Араб түбегіндегі бөлімі Йемендегі қақтығысты пайдаланып, елдің оңтүстігі мен шығысын басып алған.

XS
SM
MD
LG