Accessibility links

Душанбе: Ислам партиясы шабуылды қаржыландырған


Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода.

Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода.

Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясы 4 қыркүйек күні Душанбе маңында жасалған шабуылды қаржыландырған деп мәлімдеді. Тәжік билігі "шабуылды бұрынғы қорғаныс министрі, 16 қыркүйекте Душанбе маңында арнайы операцияда оққа ұшқан Абдухалим Назарзода ұйымдастырған" деп мәлімдеген болатын. Кейін тәжік билігі Назарзоданың Ислам өркендеу партиясына қатысы бар екенін мәлімдеген. Партия қызметіне 28 тамыз күні тыйым салынды.

Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, Таулы Бадахшан облысының Роштқала ауданында жергілікті адамдармен кездескен Рахимзода тұрғындарды қауіпсіздік күштерімен ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырған. Рахимзода бұған қоса, Сирия мен Ирактағы экстремистік топтарға қосылып жатқан тәжік азаматтарының көбейгеніне алаңдайтынын білдірген. Оның сөзінше, Тәжікстаннан 600-ден астам азамат шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысуға кеткен, оның 50-і оралған.

Рахимзода «Біз бұл адасқан жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шетелге кеткендерін қайтару шараларын жасаймыз» деді.

XS
SM
MD
LG