Accessibility links

Суға кеткен сарбаздар ата- аналарына медаль берді


Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сарбаздар суға кеткен аймақта. Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сарбаздар суға кеткен аймақта. Маңғыстау облысы, 19 қыркүйек 2015 жыл.

Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағында әскери жаттығу кезінде суға кетіп қаза тапқан қазақстандық төрт сарбаз "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Бұл туралы бүгін Қазақстан қорғаныс миинстрлігі хабарлады. Медальдарды сарбаздардың ата-аналарына қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов тапсырған.

Иманғали Тасмағамбетов "Бүгін Қазақстан президенті, қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы (Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.) жарлығымен отаны мен халық алдындағы парызын орындап, ерлік көрсетіп қаза тапқан сарбаздар марапатталады" деген.

Қыркүйектің 18-і күні Ақтауда "Орталық-2015" әскери жаттығуы кезінде Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі тұсында қатардағы сарбаздар - Асылжан Махамбетов, Бақытжан Қалыбай, Бауыржан Жолдыбай және Замир Әділов суға батып кеткен еді.

Теңіз десантын түсіру жаттығуы кезінде алты беренді транспортердің (БТР) төртеуі суға батып кетіп, екеуі өз күшімен жағаға шыққан. Бұл оқиғадан соң "Батыс" әскери округі қолбасшысы Мұрат Нұғыманов қызметінен алынып, оның өзі мен орынбасарына қатысты тергеу басталған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға "арнайы құралдар жоқ кезде десант түсіру туралы қате шешім" кесірінен болған.

XS
SM
MD
LG