Accessibility links

Швеция соты өзбек имамын атқан адамға 18 жыл кесті


Өзбекстандық имам Обидхон қари Назаров.

Өзбекстандық имам Обидхон қари Назаров.

Швеция соты өзбек имамы Обидхон қари Назаровқа қастандық жасамақ болды деп айыпталған Өзбекстан азаматы, 37 жастағы Юрий Жуковскийді 18 жылға соттады.

Эстерсунд қалалық соты Жуковскийді "Назаровты тапсырыспен өлтірмек болды" деп таныған.

Швед прокуроры Кристер Петерсон "имам Назаровты өлтіруге өзбек билігі тапсырыс берді" деп, Жуковскийді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған.

Обидхон Назаровтың ұлы Доудхон Назаров Азаттықтың Өзбек редакциясына сот шешіміне разы екенін хабарлады.

Юрий Жуковский биыл 25 тамызда Обидхон қори Назаровқа қастандық жасап, оқ атты деген күдікпен Ресейден Швецияға экстрадицияланған. Обидхон Назаров 1998 жылы Өзбекстаннан кетіп қалғаннан кейін 2006 жылы Швециядан баспана алған. 2012 жылы Назаровқа өзі тұратын Швецияның Стромсунд қаласында шабуыл жасалып, басына оқ тиген. Шабуылдан имам тірі қалса да, әлі емделіп жатыр.

Кристер Петерсон бұған дейін Азаттыққа "шабуылдың артында Өзбекстан билігі тұр деп ұйғарым жасауға дәлел жеткілікті" деген.

1990 жылдардың басында Орталық Азиядағы белгілі имамдардың бірі болған Обидхон қори Назаров Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің саясатын сынап келген.

XS
SM
MD
LG