Accessibility links

Бүгін - Қазақстанда Тәуелсіздік күні


Тәуелсіздік монументіне гүл қойып жатқан жұрт. Алматы, 16 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәуелсіздік монументіне гүл қойып жатқан жұрт. Алматы, 16 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның Тәуелсіздік мекекесіне орай, желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері демалыс жарияланған.

1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі туралы заң қабылдап, осы күні мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

Дәстүр бойынша бұл күні Қазақстан қалалары мен аймақтарында әкімдіктер ұйымдастырған түрлі мерекелік шаралар, концерттер өтеді.

Биылғы мерекемен Қазақстанның тәуелсіздігіне 24 жыл толады. Сонымен қатар, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан төрт жыл озды.

Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, полиция оғынан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған еді. Жаңаөзен оқиғасынан кейін бірнеше жыл қатарынан Қазақстан белсенділері қаза тапқан азаматтардың рухына гүл шоқтарын қойып келеді.

Желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері мерекелік шаралармен қатар Қазақстанның кейбір қалаларында қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Өйткені, Жаңаөзен оқиғасынан бөлек, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы желтоқсанның 17-сі күні басталған еді.

Алматыда Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету шарасы 15 желтоқсан күні өтті. Ал Астанада тәуелсіздік күніне орай "Астана Опера" театрында өткен жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі "қауіпсіздік пен бейбітшілікті бағалауға" және "тұрақтылық бағытынан айнымауға" шақырды.

XS
SM
MD
LG