Accessibility links

«Ашық диалог» «Жаңаөзен тізімін» жасауға шақырды


Жаңаөзен оқиғасы кезінде ол қалаға барған полицейлер. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде ол қалаға барған полицейлер. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Польшадағы «Ашық диалог» қоры (Open Dialog Foundation) Еуропа Одағы (ЕО) мен халықаралық қауымдастыққа "Жаңаөзен тізімін" жасау жайлы үндеу жасады.

Ұйым 2011 жылы Жаңаөзендегі шерушілер оққа ұшқан оқиғаға, мұнайшыларды азаптауға, мұнайшыларды қолдаған белсенділерді және журналистер мен оппозиционерлерді қудалауға қатысы бар шенеунік, прокурор, сот, полицей, саясаткерлерге қарсы санкция жариялауды ұсынған.

«Ашық диалог» бұл тізімге Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстан билігінің имиджін ақтамақ болған еуропалық саясаткерлерді де қосуды үндейді.

Ұйым ЕО Қазақстанмен кеңейтілген әріптестік туралы келісім жасарда бұл одақтың Астанаға айтқан ұсыныстары (саяси тұтқындарды босату, Жаңаөзен оқиғасын халықаралық тұрғыда әділ тексеру, сөз бен жиын еркіндігін қорғау) сөзсіз орындалуын шарт қылуы керек екенін айтады.

Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары мұнайшыларының айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылы мамырда бастаған ереуілі «Жаңаөзен оқиғасына» ұласқан. 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, бұл оқиғадан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңінде Шетпе теміржол станциясында жаңаөзендіктерді жақтаған тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, тағы бір адам оққа ұшқан.

XS
SM
MD
LG