Accessibility links

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алды


Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қою шарасы. 17 желтоқсан 2015 жыл.
Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қою шарасы. 17 желтоқсан 2015 жыл.

Алматыда бүгін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу шарасы өтті.

Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы Желтоқсан оқиғасы құрбандары құрметіне тұрғызылған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне таңертең жүздеген адам жиналды. Ескерткішке гүл қойып, Желтоқсан оқиғасы салдарынан мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Cыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков және өзге марқұмдарға бағышталған құранға қол жайғандардың арасында 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, кейбір саясаткерлер, қоғамдық белсенділер, қала әкімі Бауыржан Байбек бастаған шенеуніктер болды. Ескерткіштің бір шетінде әскери оркестр ойнап тұрды.

Биылғы еске алу шарасында митинг болған жоқ. Гүл қойылып, құран оқылып болған соң жиналған жұртты арнайы бөлінген автобустар Алматы әкімдігі ұйымдастырған асқа алып кетті.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақ ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің пленумы шұғыл өткізіліп, ұзақ жылдар бірінші хатшы болып істеген Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалған. Алматыда бұл шешімге наразылық танытқан қазақ жастары 17-18 желтоқсан күндері Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) жиналған. Бірақ совет билігі полиция жасағы мен қарулы әскер жіберіп, жиынды күшпен басып-жаншыды. Мәскеу шешіміне наразылық сол күндері Қазақстанның өзге қалаларында да болған.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. Ресми мәлімет бойынша, 99 адам әртүрлі мерзімге сотталған, кейбірі ату жазасына кесілген.

Бұл шеру Қазақстанның жаңа тарихына «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енген. Желтоқсан оқиғасына қатысқан кейбір адамдар мен бірқатар қоғамдық ұйымдар 1986 жылғы оқиғалар кезінде қазақ жастарының бейбіт жиынына қарсы күш қолданып, қуғын-сүргін ұйымдастыруға атсалысқандардың көпшілігі әлі күнге дейін билікте отырғанын айтып келеді.

Желтоқсан құрбандарын еске алу шарасынан фотогалерея:

XS
SM
MD
LG