Accessibility links

Путин: Асад жайлы ұстанымымыз өзгермейді


Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 желтоқсан 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейдің Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі жоспары түйінді қырлары жағынан америкалық жоспармен үйлеседі деп мәлімдеді бүгін жыл сайынғы дәстүр бойынша журналистер сұрақтарына тікелей эфир кезінде жауап берген баспасөз мәслихаты барысында Ресей президенті Владимир Путин.

Оның сөзінше, ресейлік жоспар Сирия конституциясын бірге әзірлеу, болашақта өткізілетін кезектен тыс сайлауды бақылау тетіктерін қалыптастыру, сайлауды өткізу және оның нәтижесін мойындау сияқты жайттарды қамтиды.

Ресей президенті Сирияның қазіргі президенті Бащшар Асадқа қатысты Мәскеудің ұстанымы өзгермейтінін, «өзін кім және қандай стандарттар бойынша басқаратынын тек Сирия халқының өзі анықтайтынын» мәлімдеген.

АҚШ және оның одақтастары Асад отставкаға кетпейінше, Сирияда бірнеше жылдар бойы жалғасып келе жатқан қарулы жанжалды саяси жолмен реттеу мүмкін емес деп санайды.

Түркиямен қарым-қатынас туралы сұрақтарға берген жауабында Владимир Путин Сириямен шекарада ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын түрік әскери әуе күштерінің атып түсіруін «қастық іс» деп атады. Путиннің сөзінше, Мәскеуді ерекше қынжылтқаны – Ресей Түркиямен әріптестіктен ешқашан бас тартпай келген. Путин қазіргі уақытта Ресей Сириядағы әуе қорғанысы құралдарын ретке келтіріп қойғанын айтты. «Түркия бұған дейін үнемі Сирияның әуе кеңістігін бұзып келген болса, енді солай ұшып байқасын» деген ол.

Анкара 24 қараша реселйік әскери ұшақты «Түркияның әуе кеңістігін бұзғаны үшін» атып түсіргенін мәлімдеген. Мәскеу өз ұшағы түрік шекарасын бұзбағанын айтып, Түркияға қарсы экономикалық санкциялар енгізген.

XS
SM
MD
LG