Accessibility links

ІІД: Nakanune.kz жалған ақпарат тарату күдігіне ілінді


Nakanune.kz сайтының меншік иесі Гузяль Байдалинова.
Nakanune.kz сайтының меншік иесі Гузяль Байдалинова.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті Nakanune.kz және "Республика" сайттары "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілініп, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция бүгін таңертеңнен бері осы іске қатысты Nakanune.kz меншік иесі Гузяль Байдалинованың және Рафаэль Балгиннің пәтеріне тінту жүргізген.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Азаттыққа департаменттің тергеу басқармасы "Республика" және Nakanune.kz интернет ресурстарында "Казкоммерцбанк" пен басқа да адамдардың іс-әрекеті бойынша "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" фактісімен (қылмыстық кодекстің 274 бабының 3 тармағы) іс қозғағанын хабарлады.

ІІД тергеу барысында аталған сайттарда жарияланған мақалаларға тапсырыс беруші мен мақалаларды жариялауға "ықпал еткен адамды" анықтаған. "Жарияланған материалдар тапсырыспен жазылған және оларда көпе-көрінеу жалған, арандатушылық мәліметтер болған. ІІД қазір тінту және басқа да тергеу шараларын жүргізіп жатыр" дейді департамент.

Полиция бүгін Гузяль Байдалинованы үйін тінтігеннен кейін ұстап әкетті. Салтанат Әзірбек Байдалинованы үйінен тергеу аясында әкеткенін, босатылуы мүмкін екенін де айтты.

Бұған дейін Байдалинованың Алматыда журналист Рафаэль Балгин мен Юлия Козлованың үйі де тінтіліп жатқаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG