Accessibility links

Алматыда Nakanune.kz кеңсесін тінтіп жатыр


Полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Алматыда полицейлер оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакциясын тінтіп жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кеңсе есігін екі ер адам жауып, күзетіп тұр. Олар ішке ешкімді кіргізбейді. Заңгер Сергей Утикиннің айтуынша, кеңседе оннан астам полицей мен Nakanune.kz журналисі Оксана Макушина бар.

Бүгін түске дейін полиция сайттың меншік иесі Гузяль Байдалинова мен сайт қызметкері Юлия Козлованың пәтеріне тінту жасаған. Бұған қоса алматылық журналист Рафаэль Балгиннің үйіне де тінту жүргізілгені хабарланған. Байдалинова мен Козлованың пәтерлерінен компьютерлер мен ұялы телефондар тәркіленген.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) бүгін "Республика" және Nakanune.kz интернет ресурстарында "Казкоммерцбанк" пен тағы бірнеше адамға қатысты көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша" сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. ІІД тергеу "тапсырыспен жазылған және арандатушылық мәліметтері бар материалдарға тапсырыс берген және олардың жариялануына ықпал еткендерді анықтағанын" хабарлаған. Полиция тапсырыс беруші редакцияға қаржыны қолма-қол төлеп, "БАҚ-ты көлеңкелі түрде қаржыландырған" дейді.

XS
SM
MD
LG