Accessibility links

Обама: АҚШ террор қаупіне қырағы болуы тиіс


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама өз елінің азаматтарын «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы тарапынан төнуі ықтимал террорлық қауіп-қатерге қырағы болуға шақырды.

Жұма күні жыл қорытындысы бойынша өткізген баспасөз мәслихатында Ақ үй басшысы басты қауіп биыл желтоқсанның 2-і күні Калифорния штатындағы Сан-Бернардино қаласында 14 адамды құрбан еткен ерлі-зайыпты террористер тәрізді жеке-дара шабуыл жасайтындардан төнеді деп айтқан.

Обама Сирия мен Иракта ИМ содырлары жеңіліске ұшырайтынына сенімді екенін мәлімдеген.

АҚШ президенті сонымен бірге Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылық орнауы үшін президент Башар Асад биліктен өз еркімен кетеді деп үміттенетінін айтқан. Оның пікірінше, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін Асадтың негізгі одақтастары Ресей және Иранның мүдделері де ескерілетіндей қалыпты саяси процесті қамтамасыз ететін дипломатиялық шешім табу қажет.

Барак Обама аяқталып отырған жылы әлемдегі басты жетістіктер қатарында ғаламдық климатқа қатысты Париж саммитінде жасалған келісімді, әлемдік сауда саласына қатысты шарттарды, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімді, сонымен бірге АҚШ экономикасының жақсаруын және Конгреспен бюджет туралы заңға қатысты мәмілеге келуді атаған.

Жұма күні Обама Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Анкараны Бағдатпен қарым-қатынасын қалыпқа келтіру үшін Ирактың солтүстігінен барлық түрік әскерін алып кетуге шақырған. Сонымен бірге тараптар ИМ тобына қарсы күрес, соның ішінде Сирияда президент Башар Асад режиміне және радикалды исламшыларға қарсы күрес жүргізіп жатқан «ұстамды көтерілісшілерге» қолдау шараларын талқылаған.

Бұған қоса, жұма күні Барак Обама Ливанда орналасқан «Хезболла» радикалды шииттер тобына қарсы санкцияларды күшейту туралы заңға қол қойған.

XS
SM
MD
LG