Accessibility links

Сирия оппозициясы БҰҰ қарарына күмән білдірді


Сирияның оппозициялық Ұлттық коалиция лидерлерінің бірі Самир Нашар (ортада). Стамбул, Түркия, 2 қазан 2011 жыл.
Сирияның оппозициялық Ұлттық коалиция лидерлерінің бірі Самир Нашар (ортада). Стамбул, Түркия, 2 қазан 2011 жыл.

Сирия оппозициясы елдегі жағдайды саяси реттеудің халықаралық жоспарының іске асатынына күмән білдірді. Бұған дейін, жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы жағдайды бейбіт реттеу туралы қарарды бірауыздан мақұлдаған.

Халықаралық жоспар бойынша, Сирияда президент Башар Асад режимі мен оппозиция арасында атысты тоқтату туралы келіссөздер өткізіп, жақын арада – 2016 жылы қаңтарда бітімге қол жеткізу көзделген.

Бірақ, Сирия оппозициясының жетекші күші – Түркияда орналасқан Ұлттық коалиция бұл жоспарда Асадтың тағдыры туралы ештеңе айтылмайтындықтан, оның жүзеге асуы мүмкін емес деп санайды. Оппозицияның бейбіт келіссөздерді бастау үшін қойып отырған негізгі талабы бойынша Башар Асад отставкаға кетуі тиіс.

Ұлттық коалиция басшысы Халед Ходжа Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында БҰҰ қабылдаған қарар оппозициялық топтардың бұған дейін өткізген барлық келіссөздерінің құнын жойып, БҰҰ-ның Сирия бойынша қабылдаған шешімдерінің мәнісін жоғалтады деп жазған.

Халед Ходжаның Ұлттық коалициядағы әріптестерінің бірі Самир Нашар бітім туралы келіссөздерді бастамас бұрын Сирия үкіметі мен Ресей көтерілісшілерге соққы беруді доғаруы тиіс деп мәлімдеген.

АҚШ пен оның ұстанымын қолдайтын араб елдері Асад Сирия президенті қызметінен кетуі тиіс деп санайды. Ал қазіргі Сирия билігінің негізгі одақтастары Ресей мен Иран Асадтың саяси процестерге қатысқанын қалайды.

Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы жағдайды саяси реттеу туралы қабылдаған қарарда бұл туралы ешқандай ұсыныс айтылмаған.

XS
SM
MD
LG