Accessibility links

Шымкентте жаңа жылдық безендірудің ақшасы балаларға берілді


Жыңа жыл мерекесіне безендірілген шырша. (Көрнекі сурет.)

Жыңа жыл мерекесіне безендірілген шырша. (Көрнекі сурет.)

Шымкент қаласының бюджетіндегі жаңа жылдық безендіруге арналған қаржы әлеуметтік жағдайы төмен балаларға үлестіріліп берілді деп хабарлады Азаттыққа бүгін қала әкімдігінің баспасөз хатшысы әрі қала әкімінің кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбек.

Оның сөзінше, биыл қала бюджетінен жаңа жылдық безендіруге бөлінуі тиіс 80 миллион теңге қаржыны, Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ұсынысы бойынша қалалық мәслихат қайта қарап, қаладағы 5918 жетім және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына бір жолғы көмек ретінде таратуға шешім шығарған.

– Әлеуметтік аз қамтылған 5144 балаға – 10 мың теңге көлемінде, 774 тұл жетімге – 39 640 теңгеден бір жолғы көмек көрсетілді. Қаржы балалардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жеке есеп шоттарына дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндері аударылды, - деді Нұрлыбек Жеңісбек.

Бүгін Шымкенттегі көрме орталығында өткен «Мейірімді жүрек» қайырымдылық шарасы аясында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жүзден астам жеке кәсіпкер өз өнімдерін 90 пайызға дейін арзандатылған бағамен ұсынды. Жәрмеңкеде тұрмысы төмен отбасынан екі мыңға жуық бала өз ата-анасымен қатысып, қажетті киім-кешек сатып алды.

Нұрлыбек Жеңісбек Шымкентті жаңа жылдық безендіруге жеке кәсіпкерлер атсалысып жатқанын, қаланың орталық көшелеріне «былтыр сатып алынған үш шырша қойылатынын» айтады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG