Accessibility links

Могеринимен кездесуден журналистерді шығарып жіберді


Қазақстан делегациясы мен ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини. Астана, 21 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан делегациясы мен ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини. Астана, 21 желтоқсан 2015 жыл.

Астанада Еуропа Одағының дипломаттары мен Қазақстан делегациясының келіссөзі кезінде ұйымдастырушылар қазақстандық және шетелдік журналистерді залдан шығарып жіберді. Журналистерге тек кездесудің бірнеше минутқа созылған алғашқы ресми бөлігін түсіруге және ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могеринидің қысқа кіріспе сөзін естуге рұқсат етілді.

"Қазір ЕО сіздердің барлығыңызбен екі жақты және тұтастай аймақ болып өзара қарым-қатынас орнатуға ерекше басымдық береді. Сондықтан біз аймақтағы өкілдерімізбен бірге өткен жазда Орталық Азиямен жұмыстың бірыңғай стратегиясын жасадық. Аймақтағы барлық қауіптер мен мүмкіндіктерді ескерсек, біз үшін бұл әріптестік ауанындағы бірлескен жұмыс өте маңызды. Арадағы ынтымақтастық біздер үшін және тұтастай аймақ үшін өте қолайлы әрі тиімді болатынын ескерген жөн" деді Могерини.

Бұдан соң Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сөйлеп жатқан кезде ұйымдастырушылар журналистерді кездесу өтіп жатқан залдан кең дәлізге ығыстырып шығарды. Онда журналистер отыратын орындықтар да болмады. Журналистерге бір сағатқа созылған жабық кездесуден соң ресми мәлімдеме жасалатыны хабарланды.

Ыдырысовтың сөзінше, күннің алғашқы жартысында Қазақстан мен ЕО арасындағы келіссөзде Ауғанстан мен Украина мәселесі талқыланған.

XS
SM
MD
LG