Accessibility links

ҰҚШҰ: ОА-да қауіпсіздікке қатер күшейді


ҰҚШҰ-ға мүше елдер Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері. Мәскеу, 21 желтоқсан 2015 жыл.

ҰҚШҰ-ға мүше елдер Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері. Мәскеу, 21 желтоқсан 2015 жыл.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер - Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан басшылары Ауғанстандағы жағдайлардан Орталық Азия (ОА) елдеріне төнетін қауіп-қатер күшейгенін мәлімдеді. Мәскеуде өткен ҰҚШҰ жиынында президенттер осы ұйым аумағындағы қазіргі жағдайды, аймақтағы терроризм қаупін талқылады. Жиын қорытындысында президенттер бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мәлімдемеде президенттер "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) әрекетіне батыл түрде тосқауыл қоюды "ең бірінші міндет" санайтыны айтылған.

Мәлімдемеде "Ауғанстан территориясында ИМ, "Талибан" қозғалысы, "Әл-Қаида" мен басқа да террористік ұйымдар белсенділігінің артуына байланысты ОА қауіпсіздігіне төнген қатер күшейді. Бұл ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекарасында шиенеліс тудырып, жағдайдың тұрақсыздануына тікелей ықпал етеді" деп жазылған.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында бұған қоса, Түркияның Сириямен шекарасында Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіруі де талқыланған.

Президенттер кездесуде ҰҚШҰ әлеуетін нығайтып, терроризммен күресті күшейту, жаңа қауіп-қатерлерге тиімді түрде қарсы тұру үшін ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің дайындығын жақсарту ниетін білдірген.

XS
SM
MD
LG