Accessibility links

Душанбе ислам әскери блогына қосылу жайын зерттейді


Сауд Арабиясы әскері. (Көрнекі сурет).
Сауд Арабиясы әскері. (Көрнекі сурет).

"Душанбе Сауд Арабиясының терроризммен күресетін ислам әскери коалициясына қосылу туралы ұсынысты зерттеп жатыр" деп хабарлады бүгін Тәжікстанның сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Тәжік редакциясы. Министрлік жауабында Тәжікстан қазір Эр-Риядтың бұл мәселе бойынша ұсынысын "жан-жақты зерттеп жатқаны" айтылған.

Бұған дейін Сауд Арабиясының "Аш-Шарк әл-Аусат" газеті Тәжікстанның Сауд Арабиясы бастаған ислам әскери коалициясына қосылу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған. Тәжікстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Шарифи Азамшо Латифзода Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон король Салманмен кездесу үшін Эр-Риядқа баруды жоспарлап отырғанын айтты.

Тараптар терроризммен күрес мәселесіндегі ынтымақтастық және Душанбенің ислам әскери блогына қосылу мүмкіндігін талқылайды деген болжам бар.

Сауд Арабиясы өткен аптада құрамына Египет, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Малайзия, Пәкістан мен Парсы шығанағы мен Африкадағы бірнеше ел кіретін коалиция құрылғанын мәлімдеген. Эр-Рияд коалиция мақсаты терроризммен күрес және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін айтады.

XS
SM
MD
LG