Accessibility links

Ресейдің Қазақстандағы банктері санкцияға ілінді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

АҚШ Украинадан Ресейдің Қырым түбегін аннексиялауы, Донбастағы (Украинаның шығыс аймағы - ред.) қақтығыстарға тікелей және жанама қатысы бар ресейлік тағы 14 азамат пен 20 шақты банк, компания мен кәсіпорынға санкция салды. Бұл жолы санкцияға ілінгендер қатарында "Сбербанк" пен ВТБ банкінің Қазақстандағы бөлімшелері де бар.

АҚШ қаржы министрлігі 22 желтоқсан күні "санкция салынғандар тізіміне өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск "халық республикаларының" "шенеуніктері", Ресей президенті Владимир Путинге жақын ресейлік бизнесмендерге қатысы бар бірнеше компания енгізілгенін" хабарлады.

Санкция салынған компаниялар арасында ВТБ-24 банкі, ВТБ мен "Сбербанктің" аймақтағы және шетелдегі, оның ішінде Қазақстандағы бөлімшелері, "Сбербанктің" автоматтандырылған сауда-саттық және мемлекеттік емес зейнетақы жүйесі, "Яндекс.деньги" жүйесі, "Рособоронэкспорт" холдингі, "Вертолеты России" кәсіпорны және тағы бірнеше зауыт пен кәсіпорын бар.

Бұған қоса, Укрананың бұрынғы жоғары шенді бірнеше шенеунігіне, оның ішінде бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченкоға санкция салынған. АҚШ қаржы министрлігі "Захарченко 2014 жылы Киевте өткен "Еуромайдан" қарсылық акциялары кезінде ішкі істер министрі ретінде полицияға шерушілерге оқ атуды бұйырған" деп санайды.

АҚШ пен Еуропа Одағы 2014 жылы шілдеде Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін Ресейдің қаржы, энергетика, қорғаныс саласына қатысты санкциялар салған. Санкцияға ілінген ресейлік шенеуніктердің активтері бұғауланады, оларға АҚШ пен ЕО-ға виза берілмейді. Ал санкция салынған компаниялармен сауда және қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG