Accessibility links

Ходорковский Британиядан саяси баспана сұрамақ


Михаил Ходорковский.

Михаил Ходорковский.

Ресейдің қуғындағы бұрынғы мұнай магнаты, Мәскеу тұтқындауға сырттай шешім шығарған Михаил Ходорковский Ұлыбританиядан саяси баспана сұрайтынын мәлімдеді. 23 желтоқсан күні BBC-ге берген сұхбатында Ходорковский өзінің Ұлыбританиядан саяси баспана сұрауды ойластырып жатқанын айтты. 23 желтоқсанда Мәскеу соты Ходорковскийді 1998 жылы Нефтеюганск қаласы мэрінің өліміне қатысы бар деп айыптап, халықаралық іздеу жариялады.

Ходорковский BBC-ге сұхбатында Ресей билігі өзін "жалған айыптаулар арқылы" түрмеге жабуды ойластырып "есінен адасқанын" айтты. Оның сөзінше, президент Владимир Путиннің өзінен қауіптенетіні "қазірдің өзінде айқын".

Ходорковский "Путин мені Ресейдің шетелдегі активтерін басып алуы мүмкін деп, экономикалық тұрғыдан қауіпті тұлға, ал 2016 жылы өтетін сайлауда демократиялық кандидатты қолдайтын саяси қауіпті қарсылас санайды" дейді.

Ресейде 2016 жылы парламенттің төменгі палатасы - мемлекеттік думаға сайлау өтеді. Қазір думада Путиннің жақтастары басым. Кремль Ресей тергеу комитеті шығарған Ходорковскийді тұтқындау туралы ордерге қатысы бар екенін терістеген.

Ходорковский өзі құрған демократияшыл "Открытая Россия" ұйымы және басқа да жолдар арқылы "Ресейдегі жас белсенділерге саяси тәжірибе жинауға және олардың қазіргі билікке балама жол ұсынуына көмектескісі" келетінін айтты.

Ходорковский Ресейдегі биліктің ауысуы қазір "тым оптимистік болжам" болып көрінетінін, бірақ ол режим 10 жыл ішінде ауысатынына сенімді екенін, онда өзінің елеулі рөл атқаратынын мәдімдеді.

XS
SM
MD
LG