Accessibility links

Атамбаев: Түркияның Ресей ұшағын атқаны дұрыс болмады


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Бішкек, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Бішкек, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Түркияның Ресей әскери ұшағын атып түсіргенін "дұрыс емес" деп санайды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады. Атамбаев Бішкекте өтіп жатқан баспасөз конференциясында осылай мәлімдеген.

Атамбаевтың сөзінше, көп жылдар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынасты "ұшақтың әуе кеңістігін 17 секундқа қиғаны үшін ғана" бұзуға болмайды. "Бейбіт қарым-қатынас бәрінен маңызды. Қырғызстанның әуе кеңістігін де көршілес елдердің ұшақтары секундтап емес, сағаттап бұзып жатады. Бірақ біз оларды атып түсірмейміз ғой. Себебі жақсы даудан жаман бітім артық. Ол көршілеріміз әуе кеңістігімізді бұзатынын өзі біледі ғой деп ойлаймын" деді Атамбаев.

Қырғызстан президенті Түркия ұшақты атып түсіргені үшін Ресейден кешірім сұрайтынынан және Мәскеудің оны кешіретінінен үмітті екенін де айтты.

"Мен өз ұстанымымды Путинге де, Ердоғанға да айттым" деді Атамбаев.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы 24 қарашада түркиялық әскери-әуе күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң нашарлаған. Анкара ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзды дейді. Мәскеу оны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG