Accessibility links

Мұнай мекемесі директоры қызметкерін сотқа берді


Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласында қызмет көрсететін Techno Тrading LTD компаниясының директоры Әділ Ниязов осы мекеменің операторы Абай Қалиевті сотқа берді. Директор оператордың "абыройына нұқсан келтіргенін" мәлімдеп, оның кешірім сұрауын және 500 мың теңге айыппұл төлеуін талап еткен.

Жауапкер Абай Қалиев - биыл маусымда еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылардың бірі. Ол тек ұжымдық хатқа қол қойғанын, "компаниядағы әділетсіздіктер" туралы «Нұр Отан» партиясында болған жиналыста кәсіподақ мүшесі ретінде сөйлегенін, онда компания директорының абыройына нұсқан келтіретін бір ауыз сөз айтылмағанын мәлімдеді.

Бірақ компания заңгері Раушан Ахметова жұмысшылар талабынан соң компания директоры Әділ Ниязовтың "қатты қиналып, моральдық азап шеккенін" айтады.

Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының судьясы Бауыржан Шайдуллин бұл істі 23 желтоқсаннан бастап қарай бастаған. Судья компания өкіліне келесі сот мәжілісіне моральдық залалдың себебін көрсететін дәлелдер әкелуді тапсырды.

XS
SM
MD
LG