Accessibility links

Сирияда танымал көтерілісшілер лидері қаза тапты


Сирия көтерілісшілер тобының лидері Захран Аллуш. 21 шілде 2015 жыл.

Сирия көтерілісшілер тобының лидері Захран Аллуш. 21 шілде 2015 жыл.

Сирияда президент Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан ірі көтерілісшілер тобының лидері Захран Аллуш жұма күні Дамаскінің шығысына жақын маңда қаза тапқан. Бұл туралы Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығын бақылау тобы мен Сирия оппозициясы өкілдері хабарлаған.

Құқыққорғаушылардың мәліметі бойынша, Гутаның шығысында орналасқан көтерілісшілер тобының штаб-пәтеріне әуеден берілген соққы салдарынан онда жиында отырған Аллуш пен тағы бес көтерілісші мерт болған.

Аллуштың қазасы туралы ақпаратты Сириядағы журналистердің бірі Ибрагим Жудех те Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында растаған.

Көтерілісшілерге жақын дереккөздерге сілтеме жасаған Reuters агенттігінің ақпаратында әуе соққысын ресейлік әскери ұшақтар жасағаны айтылады.

Захран Аллуш жақсы ұйымдастырылған, қатарында мыңдаған адамы бар «Жейш әл-Ислам» көтерілісшілер тобына жетекшілік еткен. Бұл топты құрғанға дейін Аллуш әкесі екеуі «Ислам бригадасы» тобының негізін қалаған.

«Ислам мемлекет» экстремистік тобын қолдамаған Захран Аллуш «ұстамды исламшылар» қатарына жататын көтерілісшілер лидері ретінде танымал болатын.

XS
SM
MD
LG