Accessibility links

Ресейде тыңшылық жасаған запастағы офицер 12 жылға сотталды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Ресейдің Калининград қаласының соты жұма күні Балтық флотының запастағы подполковнигі Федор Борискинді мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі қамау мекемесінде өтейтін болады деп хабарлады ТАСС агенттігі Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің аймақтық бөліміне сілтеме жасап.

Сот Борискинді Польша барлау қызметіне ресейлік Балтық флотының бір бөлімшесінің қызметіне қатысты деректер беріп, мемлекеттік құпияны ашып, тыңшылық жасағаны үшін айыпты деп таныған. Сот материалдарында Борискиннің мәлімет бергені үшін ақшалай сыйлық алғаны айтылған.

Сот барысында Борискин өз кінәсін толық мойындаған. Ол «запастағы подполковник» әскери шенінен айырылған.

Биыл Ресейде мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша қозғалған бірнеше іске қатысты сот үкімдері шыққан.

Ақпан айында Ресей әскери-теңіз күштерінің төрт әскери қызметкері сотталған еді. Наурыз айында сот полиция майоры Роман Ушаковты АҚШ орталық барлау басқармасына жұмыс істегені үшін 15 жылға, қыркүйекте қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Геннадий Кравцовты Швецияға ғарыш барлауына қатысты құпия мәліметтерді бергені үшін 14 жылға соттаған. Сот оларға жазасын қатаң режимдегі қамау мекемесінде өтеуге үкім кескен.

XS
SM
MD
LG