Accessibility links

Қытай ұйғырлар жайын жазған француз журналисін елден шығармақ


Үрімжі мешітіндегі жұма намазы. Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы, Қытай. 23 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Үрімжі мешітіндегі жұма намазы. Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы, Қытай. 23 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қытай билігі осы елдегі мұсылман ұйғырлардың жағдайы туралы билікті сынайтын мақалалар жазған француз журналисі Урсула Готьеге 31 желтоқсанға дейін Қытайдан кетуді талап еткен жазбаша ескерту тапсырды. Бұл туралы журналист қызмет істейтін «Le Nouvel Observateur» басылымы хабарлаған.

Осы басылымның Қытайдағы тілшісі болып істеген Готье өз мақаласында Париждегі террорлық шабуылдарды Пекин ұйғырларды басып-жаншу саясатын ақтау үшін пайдаланады деп жазған. Француз журналисінің мақаласы Қытай билігінің наразылығын туғызып, қытайлық ресми басылымдарда Готьені айыптаған материалдар шыққан.

Урсула Готьенің батыс ақпарат агенттіктеріне айтуынша, Қытай сыртқы істер министрлігі оны жазған хабарламаларын өзгертіп, кешірім сұрауға көндірмек болған.

Франция сыртқы істер министрлігі Қытай билігінің Готьеге берген виза мерзімін ұзартпағанына қынжылыс білдірген. «Франция журналистер үшін әлемнің кез-келген түкпірінде жұмыс істеу мүмкіндігі болғаны қаншалықты маңызды екенін еске салуды жөн санайды» делінген министрлік мәлімдемесінде.

«Le Nouvel Observateur» басылымы Франция мен Қытай арасында экономикалық, мәдени және дипломатиялық байланыстар нығайып келе жатқанда Пекиннің журналист Урсула Готьені елден қууын «үлкен жанжал» деп санайды.

XS
SM
MD
LG