Accessibility links

Алмалы соты Гузал Байдалинованы қамауда қалдырды


Nakanune.kz сайты редакторы Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Nakanune.kz сайты редакторы Гузал Байдалинова (оң жақта) мен оның адвокаты Инесса Кисилева Алмалы аудандық сотында. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Райхан Әшкеева бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы әрі меншік иесі Гузал Байдалинованы тергеу кезінде екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарған. Бірақ сот егер үш күн ішінде прокуратура тарапынан қарсылық болмаса, Байдалинованы кепілге босатуға рұқсат берген. Байдалинованың туысы журналисті қамаудан шығару үшін кепілге құны 23 миллион теңгеге бағаланатын өз пәтерін қоятыны туралы өтініші түсірген.

Гузал Байдалинова 23 желтоқсанда Nakanune.kz сайтына «тапсырыс бойынша» материал әзірлеп, жариялауға қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Биыл мамыр айында Алматының Медеу аудандық соты «Казкоммерцбанктің» талап-арызын қанағаттандырып, Гузал Байдалинованы банкке 20 миллион теңге төлеуге және Nakanune.kz сайтын банк «іскерлік беделге нұқсан келтірді» деп санайтын мақаланы алып тастауға міндеттейтін шешім шығарған. Бұл іс бойынша оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Рафаэль Балгин үш айға қамауға алынған.

Алматы полициясы 18 желтоқсанда Nakanune.kz редакторының пәтерінде және сайт редакциясында тінтулер жүргізген. Сол күні сайттың тағы бір журналисі Юлия Козлованың пәтерін де тінткен.

Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігін оппозициялық Nakanune.kz сайты редакторы Гузал Байдалинованы қамаудан босатып, оған пәтері мен Nakanune.kz редакциясын тінту кезінде алынған барлық дүние-мүліктерін қайтарып беруге шақырған. ЕҚЫҰ бүгін таратқан мәлімдемесінде журналистер Рафаэль Балгин мен Гузал Байдалинованы дереу босатуды талап еткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG