Accessibility links

Оралдық кәсіпкер бизнесін жұмысшыларға бермек


Кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Ақсай, Батыс Қазақстан облысы, 29 желтоқсан 2015 жыл.
Кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Ақсай, Батыс Қазақстан облысы, 29 желтоқсан 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы KSS компаниясының басшысы Барлық Меңдіғазиев бүгін өз бизнесін компания жұмысшыларына өткізіп беретінін жариялады. Кәсіпкердің сөзінше, мұнай-газ өндіруші компанияларға қызмет көрсететін кәсіпорнының құны шамамен 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Компанияда қазір 180 адам жұмыс істейді.

Ақсай қаласында өткен баспасөз жиынында Меңдіғазиев бизнесін компания ұжымын қатерде қалдырғысы келмегендіктен өткізетінін айтты. Ол қоғамдық қызметпен, оның ішінде аймақтағы экологиялық проблемалармен және коррупциямен күреспен айналысуға ниетті.

Меңдіғазиев президенттің тапсырмасы бойынша облыс әкімдіктері жанынан құрылатын қоғамдық кеңеске кіруді жоспарлап отыр. Ол бизнесті азаматтық белсенділікпен бірге жүргізу мүмкін емесін айтады.

2013 жылы Бөрілі аудандық соты Барлық Меңдіғазиевке 500 айлық есептік көрсеткіш (800 мың теңгеден астам қаржы) көлемінде айып салып, бір жылға кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салған. Сот Меңдіғазиевті "жалған кәсіпкерлікпен айналысты" және салықтан жалтарды" деп айыптаған.

Барлық Меңдіғазиев өзінің тексеріске түсуіне "облыс әкімімен арада туған жанжал және экология туралы мәлімдемелері әсер еткенін" айтқан. Ол облыстың Зеленов ауданындағы Январцев ауылы жанында мұнай қалдықтарына полигон салуға қарсы шығып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың жұмысын сынаған. Ол сол кезде полигонды салуға "облыс әкімінің өзі мүдделі" деп мәлімдеген. Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі Меңдіғазиев өзіне қарсы қылмыстық іске "саяси астар беруге тырысады" деген.

XS
SM
MD
LG