Accessibility links

Германияда Адольф Гитлердің кітабы саудаға шығарылды


«Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

«Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жаңа жылдан бастап Германия аумағындағы кітап дүкендерінде Адольф Гитлердің «Майн кампф» («Менің күресім») атты кітабы саудаға шығарылды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері нацистер көсемінің кітабы Германияда алғаш рет заңды түрде сауда орындарына түсіп отыр. Гитлер кітабын басып шығару құқығы бұған дейін тек Бавария үкіметіне тиесілі болып келген, бірақ былтыр 31 желтоқсанда оның мерзімі аяқталған.

Екі томнан тұратын «Майн кампф» кітабының жаңа басылымы тарихшылардың комментарийлерімен шыққанын еврей қауымдастығы құптап, кітаптағы түсіндірмелер екінші дүниежүзілік соғысы кезінде миллиондаған еврейдің қырғынға ұшырауын – Холокост қасіретін айқын түсінуге көмектесетіні туралы мәлімдеген деп хабарлайды ВВС.

«Майн кампфты» қайта басып шығарған Мюнхендегі қазіргі заман тарихы институты да кітаптың түсіндірмелермен толықтырылған нұсқасы нацистік пропаганданы әшкерелеуге жәрдемдеседі деп санайды.

Ең алғаш рет 1925 жылы баспадан жарық көрген Адольф Гитлердің «Майн кампф» кітабында автор расистік және антисемиттік көзқарасын баяндаған. Гитлер билік басына келген соң оның жазғаны нацистер үшін «қасиетті кітапқа» айналды. Сол кездері Германияда басылған кітаптың жалпы тиражы 12 миллион данаға жеткен.

Алматының Бостандық аудандық соты 2014 жылы 16 қыркүйекте шығарған шешімге сай, Адольф Гитлердің «Майн кампф» кітабы Қазақстанда экстремистік әдебиет деп танылған. Сондай-ақ, Ресей билігі де өз аумағында бұл кітапқа тыйым салған.

XS
SM
MD
LG