Accessibility links

Украина ресейлік импортқа жаңа баж ставкасын енгізді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Украина бүгіннен бастап Ресеймен еркін сауда режимінің күшін жойды, енді ол елден келетін ресейлік тауарларға баж алымының жеңілдетілген ставкасы қолданылады. Бұл шара бір жыл мерзімге енгізіліп отыр.

Украина министрлер кабинетінің хабарлауынша, бұл туралы қаулы былтыр 30 желтоқсанда, «ел мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында және Ресейдің Украинамен еркін сауда режимінің күшін жоюына жауап» ретінде қабылданған.

Сонымен бірге украин үкіметі қаңтардың 10-ынан бастап елге әкелуге тыйым салынатын ресейік тауарлар тізімін бекітті. Бұл қаулы тамыздың 6-сына дейін немесе Ресей өз аумағына украиналық тауарлардың әкелінуіне салған тыйымды алып тастағанша күшінде болмақ.

Киев әлгі тізімге барлығы 43 түрлі тауарды енгізген. Мысалы, ет, балық өнімдері, сүттен әзірленген бірқатар өнімдер, кофе, шай, кондитерлік, нан-тоқаш және макарон өнімдері, сыра, арақ және өзге бірқатар тауар түрлері кірген. Тағамға жатпайтын тауарлардан шаш жууға арналған шампунь, гель, фильтрлі сигареттер, тыңайтқыштар, дизель-электрлік локомотивтер, сонымен бірге темір жол және трамвай жолдарына арналған құрал-жабдықтар бар.

Ресей 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Украинамен 2011 жылы 18 қазанда жасасқан еркін сауда аймағы туралы келісімнің күшін тоқтатқан. Сонымен бірге, жұма күні Украинаның азық-түлік тауарларына Ресей салған эмбарго да күшіне енген.

XS
SM
MD
LG