Accessibility links

Иранда ашулы топ Сауд Арабиясы елшілігін ойрандады


Сауд Арабиясы елшілігіне келген наразылар. Тегеран, Иран, 2 қаңтар 2016 жыл.
Сауд Арабиясы елшілігіне келген наразылар. Тегеран, Иран, 2 қаңтар 2016 жыл.

Сенбі күні Иран астанасы Тегеранда ашулы топ Сауд Арабиясы елшілігі аумағына басып кіріп, ондағы дүние-мүліктерді сындырып, тас лақтырып, ғимаратқа от қойған. Бірақ полиция наразыларды елшіліктен ығыстырған деп хабарлайды Reuters.

2 қаңтар күні Сауд Арабиясында шииттер азшылығының өкілі, шейх Нимр әл-Нимрге шығарылған өлім жазасының орындалуы әлемнің бірқатар елдерінде наразылыққа ұласқан. Нимр әл-Нимрдің қазасына байланысты мұсылман-шииттердің наразылық шерулері Бахрейн, Ирак, Иран, Ливан, Йемен, сонымен бірге Сауд Арабиясында да өткен.

Ирак премьер-министрі Нури әл-Малики Сауд Арабиясы билігінің ісін «қылмыс» деп атаған.

Иран Нимр әл-Нимрдің экстремистерге қарсы шыққанын айтып, Сауд Арабиясы билігін «терроризмді қолдап отыр» деп айыптаған.

Ливанда жоғарғы шиит ислам кеңесінің вице-президенті Әбдел Амир Кабалан шейх Нимрдің қазасын «ақыл-парасат пен диалогты жою» деп атаған.

АҚШ Нимр әл-Нимр қазасының діни ағымдар арасындағы қақтығысқа ұласу қаупі барын ескертіп, Сауд Арабиясы мен өзге де елдерді аймақтағы жағдайды ушықтыруға жол бермеуге шақырған.

Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини мен Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы да Нимр әл-Нимрге өлім жазасының орындалуын айыптаған.

Шейх Нимр әл-Нимр – 2011 жылы Сауд Арабиясының шығысында шииттердің наразылық акциясы кезінде маңызды рөл атқарған тұлғалардың бірі. Ол сүннит патша әулеті басқаратын Сауд Арабиясында ел тұрғындарының 15 пайызын құрайтын шииттердің қысым көріп келе жатқанына наразылық білдіріп, билікті сынаған.

Сауд Арабиясында сенбі күні Нимр әл-Нимрге және ол сияқты өлім жазасы кесілген тағы 46 адамға үкім орындалған. Терроризм және зорлық-зомбылыққа арандату айыптары тағылған олардың арасында шиттер де, сүнниттер де бар деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG