Accessibility links

Ресейде шенеунік отбасының бизнесіне тыйым салуды ұсынады


Ресей бас прокуроры Юрий Чайка.

Ресей бас прокуроры Юрий Чайка.

Ресейде жоғары лауазымды шенеуніктер, министрлер, губернаторлар мен аймақ парламенттері басшыларының жұбайлары мен балаларына бизнеспен айналысуға тыйым салатын заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы жобаны әзірлеп жатқан Ресей мемлекеттік думасы конституциялық комитеті төрағасының орынбасары, КПРФ фракциясының мүшесі Вадим Соловьев айтты деп хабарлайды «Новости» агенттігі.

«Біз бас прокурор балаларының бизнесіне қатысты жайтты талдап, оған дейін де кейбір губернаторлардың балалары мен әйелдері бизнеспен белсенді түрде айналысқан жағдайларды зерттедік. Біз мемлекеттік қызмет туралы заңға екі түзету енгізу қажет деген қорытындыға келдік» деген Соловьев.

Оның айтуынша, түзетулердің біріншісі президент өз жарлығымен немесе оның ұсынысы негізінде биліктің басқа органдары қызметке тағайындайтын жоғары лауазымды шенеуніктің әйелі мен балаларына бизнеспен айналысуына тыйым салуды көздейді. Сондай-ақ, жобада некеден жалған ажырасу арқылы көзбояушылыққа барып, әлгі тыйымды айналып өтуге тырысқандарды қызметтен босатып, миллион рубль мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр.

Былтыр 1 желтоқсанда ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный басқаратын «Коррупциямен күрес қоры» Ресей бас прокуроры Юрий Чайка мен бас прокуратураның өзге де жоғары лауазымды қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің бизнесі жайлы зерттеу нәтижесін жариялаған. Онда авторлар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің отбасы мүшелерінің бизнесі «коррупция, рэкет, рейдерлік пен параға» негізделген, сонымен бірге олар Кущевская станицасында 12 адамды (арасында нәресте бар) өлтірген Сергей Цапканың бандасымен байланыста болған деген қорытынды жасаған.

Юрий Чайка бұл зерттеуді «жалған» және Ресейде үстінен қылмыстық іс қозғалған британ кәсіпкері Уильям Браудердің «тапсырысы бойынша» жасалған деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG