Accessibility links

Түркия Ресейдің үстінен ДСҰ-ға шағым бермек


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Түркия өзіне қарсы экономикалық санкциялар енгізген Ресейдің үстінен Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) шағым түсірмек. Бұл туралы Daily Sabah басылымына Түркия экономика министрі Мұстафа Елитас айтқан.

Оның сөзінше, қазір Анкара ДСҰ ережелерін Мәскеудің бұзғанына дәлелдер жинастырып жатыр. Олар Ресей санкцияларынан зардап шеккен түрік компанияларының құқықтарын сотта қорғау үшін пайдаланылмақ.

Түркия экономика министрі сауда-саттық «моральдық негіздерге» сүйенуі тиіс екенін айтты. Орыс үкіметіне сенген түрік кәсіпкерлері ол елге ақша салғанын айтқан Елитас Ресеймен қарым-қатынасты кейде бұлт пен жаңбырлы, кейде күн ашық құбылмалы ауа райымен салыстырған. Ресейдің бұлтты күнгі іс-әрекеттері халықаралық сауда ережелеріне сай емес деп мәлімдеген түрік министрі.

Ресейдің Түркияға салған экономикалық санкциялары қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген. Оған сәйкес, Ресей Түркиядан жеміс-жидек, көкөніс, құс етін әкелуге тыйым салған. Сонымен қатар түрік компанияларының Ресейде құрылыс, туризм тәрізді жекелеген жұмыстар мен қызмет түрлерімен айналысуына тыйым салынған.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы былтыр 24 қарашада түркиялық әскери-әуе күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң нашарлаған. Анкара ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзды дейді. Мәскеу оны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG