Accessibility links

Обама АҚШ-тағы қару саудасын бақылауды күшейтті


АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

Барак Обама АҚШ-тағы қару саудасын бақылау жүйесін күшейтті. Ақ үйдің кеше хабарлауына қарағанда, АҚШ президенті Обаманың жарлығы бойынша он шақты шара іске асады. Обама олардың көмегімен елдегі қару қолданып жасалатын қылмыстарды азайтқысы келеді.

Негізгі шаралардың бірі - қару сататын адамдарды тіркеуді, оларға лицензия беруді қиындату. Енді жылына бірнеше мәрте өтетін қару-жарақ жәрмеңкелерінде қару сатуға рұқсат беру ережелері де қатаяды. Қару сатып алатын адамдарды тексеру мен жоғалған мылтықты есепке алу күшейеді.

Обаманың қару-жарақ саудасы ережелерін қатайтуын Республикалық партия атынан президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттар мен осы партия мүшелері сынауға кірісті.

Өкілдер палатасы спикері Пол Райан "Президент (Обаманы айтады - ред.) биліктің заң шығарушы тармағы өкілетін аяққа таптап жатыр. Өйткені, депутаттар оның қару-жарақ саудасын шектеу әрекеттерін қолдап отырған жоқ" деп мәлімдеді.

Ал президент сайлауына Демократиялық партия атынан түсетін Хиллари Клинтон Обаманың шешімін қолдады. Ол қару-жарақ саудасын шектеу үшін қатаң шаралар қолдануға шақырды.

Кейінгі айларда АҚШ-та қару-жарақ саудасын шектеу мәселесі қызу талқыланып жатыр. 2015 жылы қарулы шабуыл кесірінен 40 адам мерт болып, 42 адам жараланған болатын. Дегенмен статистикалық мәліметтерге қарағанда, АҚШ-та қарулы шабуылдан опат болған адамдар саны кейінгі 20 жылда 50 пайыз азайған.

XS
SM
MD
LG