Accessibility links

Назарбаевтың саяси мақаласы жарияланды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

6 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы жарияланды.

Онда Назарбаевтың осыған дейінгі мәлімдемелері топтастырылып, қаңтардан іске аса бастаған «5 институттық реформа - 100 нақты қадам» ұлт жоспарының» негізгі тұстары түсіндіріліп шыққан.

Назарбаев қаңтарда 59 жаңа заң күшіне енгенін айтып, мемлекеттік қызметшілердің енді меритократия ережесімен, яғни біліктілігі және тәжірибесі ескеріле отырып өсетінін жазған. Қызметке орналасу енді төменгі лауазымнан бастауды талап етеді және кейбір орындарға келісімшартпен шетелдік менеджерлер де шақырылатын болады. Мемлекеттік қызметшілер үш жыл сайын біліктілік арттырып отырады.

Мұнан басқа Назарбаев «сот төрелігінің үш буынды жүйесіне өтетінін» жазған. Ол «Апелляциялық және кассациялық инстанциялар ғана қалады. Сот залдары аудио және видео аппаратурамен жабдықталады және жазбаларды редакциялауға мүмкіндік берілмейді» дейді.

Мұнан ары Назарбаев «Үкімет азаматтар үшін» корпорациясы құрылып, халыққа қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік, жер кадастры, зейнетақы төлеу орталықтарының біріктірілетінін жазған. Ол «азаматтар ортақ провайдерге өтініш беріп», шаруасын бір жерден бітіретінін айтады. Мақалада жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, бизнеске жағдай жасап, салық саясатын оңтайландыру, білім беру және т.б. мәселелер қамтылған.

Алайда, «100 нақты қадам» жоспарын бұған дейін белсенділер «саяси реформалар қамтылмаған» деп сынаған еді. Кейбір белсенділер 100 қадамның орнына, «қоғамға пайдалы»​ 20 қадам ұсынған. Олар «прокурорлар азаматтар құқығын қорғамайды» деген уәжбен «олардың сотқа қатысуын қысқартуды» ұсынған. Бұдан басқа, олар сот төрағаларын сайлауды, БАҚ-қа қысымды тоқтату жайын қозғаған.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым «100 нақты қадам» жоспарын сынап, «Егер қоғам дамуы керек болса, баяғыдан айқын қағидаттар бар. Соның бірі – саяси реформа. Өкінішке қарай, саяси реформа жасауды Назарбаев бұл жолы да қолға алмады»​ деген болатын. Қазақстандағы оппозиция өкілдері сайлау жүйесін реформалауды, президенттің өкілеттігін шектеуді, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы реформаларды бұрыннан ұсынып келеді.

XS
SM
MD
LG