Accessibility links

Иран: Сауд Арабиясы елшілігімізге шабуылдады


Тегеранда шеруге шыққандар Сауд Арабиясы өлім жазасына кескен шиит діни тұлғасы Нимр әл-Нимрдің суретін ұстап тұр. 4 қаңтар 2016 жыл.
Тегеранда шеруге шыққандар Сауд Арабиясы өлім жазасына кескен шиит діни тұлғасы Нимр әл-Нимрдің суретін ұстап тұр. 4 қаңтар 2016 жыл.

Иран билігі Йемен астанасындағы өз елшілігіне әуеден соққы берді деп Сауд Арабиясын айыптады. Иран мемлекеттік телеарналарының хабарлауынша, зымыран шабуылы салдарынан елшілік күзетшілері жараланған. Иранның IRIB телеарнасы елдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Хосейн Ансари Жабердің Санадағы елшілік ғимараты бүлінгені және кейбір қызметкерлердің зардап шеккені үшін Сауд Арабиясы жауапты деген мәлімдемесін келтірген.

Йеменде Сауд Арабиясы басшылығымен әскери операция жүргізіп жатқан бірлескен коалиция өкілі Reuters агенттігіне сұхбатында, Иранның айыптауы бойынша тексеру жүргізілетінін хабарлаған. Ол өткен түні Санаға әуе соққысы берілгенін растаған, бірақ нысанаға көтерілісші хуситтердің зымыран қондырғылары алынғанын айтқан.

Бұған дейін Иран бейсенбі күні бес адамды мерт қылған әуе шабуылында тыйым салынған кассеталық бомбаларды қолданды деп Сауд Арабиясын айыптаған. Бұл айыптаулар Сауд Арабиясы қаңтардың 2-і күні шиит діни тұлғасы шейх Нимр әл-Нимрге өлім жазасын орындағаннан кейін Таяу Шығыстағы елдердің өзара қатынасы шиеленісіп кеткен тұста айтылып отыр. Әл-Нимрдің қазасынан соң Тегерандағы Сауд Арабиясы елшілігі мен елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында саудиялық консулдыққа шабуылдар жасалған еді.

XS
SM
MD
LG