Accessibility links

Беларусь Израильдегі елшілігін жабады


Тель-Авив қаласы. (Көрнекі сурет.)
Тель-Авив қаласы. (Көрнекі сурет.)

Израиль Минскідегі елшілігін жабуына байланысты, оған жауап ретінде Беларусь билігі Тель-Авивтегі өз елшілігін жабады. Бұл туралы бүгін Беларусь сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Дмитрий Мирончик хабарлама таратты.

«Израильдің Минскідегі елшілігін жабу туралы шешіміне байланысты, Беларусь билігі екі жаққа бірдейлік принципіне сүйене отырып, Тель-Авивтегі өз дипломатиялық миссиясын аяқтау бойынша шаралар кешенін қабылдауға мәжбүр екенін қынжылыспен растаймыз» деп мәлімдеген Мирончик.

Беларусь сыртқы істер мекемесі Израильдің бұл қадамын қателік деп санайды.

Израиль сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эммануэль Нахшон ресейлік «Новости» агенттігіне Минскідегі елшілікті жабу туралы шешімге бюджет қаржысын үнемдеу себеп болғанын айтқан. Оның сөзінше, дипломатиялық миссия жұмысын 2016 жылы аяқтауы тиіс, бірақ нақты уақыты әлі бекітілмеген.

2015 жылы тамызда Израиль үкіметі премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың қаржы үнемдеу мақсатында жеті дипломатиялық өкілдікті (арасында Минскідегі елшілік бар) тарату туралы ұсынысын қолдаған.

Былтырғы қарашаның соңынан бастап Беларусь пен Израиль арасында өзара визасыз қатынас тәртібі күшіне енген.

XS
SM
MD
LG