Accessibility links

Обама: Оңтүстік Корея мен Жапонияға қатысты міндеттемеге адалмыз


АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама өз елі Оңтүстік Корея мен Жапонияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты міндеттемесіне адал екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Солтүстік Корея 6 қаңтарда сутегі бомбасы сынағын сәтті өткізгені туралы жариялағаннан кейін айтқан.

Бұған қоса Обама Пхеньянға қарсы қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оңтүстік Корея президенті Пак Хын Ке мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэге үндеуінде Обама одақтастар бірлесіп, Пхеньянның соңғы «пайымсыз қылығына бірегей және салмақты халықаралық жауап беруі» тиіс екенін қуаттайтынын айтқан. Бұл туралы Ақ үй әкімшілігі бүгін таратқан мәлімдемеде айтылған.

Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Оңтүстік Корея және Жапония сыртқы істер министрлерімен кеңесулер өткізгені хабарланды. «Тараптар америкалық стратегиялық құралдарды Корей түбегінде орналастыру жайын сөйлескені» туралы Reuters агенттігіне Оңтүстік Кореялық әскери дереккөз айтқан.

Бұған дейін Солтүстік Корея үкіметінің сутегі бомбасы сынағын сәтті өткізгені туралы мәлімдемесінен соң, Сеул мен Токио бұл олардың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтып, Пхеньянды қатаң түрде айыптаған.

Солтүстік Кореяның мәлімдемесінен соң сәрсенбіде шұғыл отырысын өткізген БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Пхеньянды қатаң айыптап, ондай сынақ жойқын қаруға қатысты БҰҰ қарарын «көпе-көрнеу бұзу» деп мәлімдеген. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы қосымша қатаң шаралар енгізу мақсатында жаңа қарар жобасына дереу кірісуге ниетті екенін жариялаған.

XS
SM
MD
LG