Accessibility links

Египетте қонақ үйге шабуылда бір адам оққа ұшқан


Египеттегі Хургада курортты қаласы.

Египеттегі Хургада курортты қаласы.

Египеттің Хургада курортты қаласындағы Bella Vista қонақ үйіне жұма күні кешкісін жасалған шабуыл кезінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шеккен.

Алдын ала мәлімет бойынша, пышақпен қаруланған екі адам қонақ үйдегі меймандарға қоқан-лоқы жасаған. Полиция олардың бірін атып өлтіріп, екіншісін жаралап, қолға түсірген.

Оқиға барысында шетелдік үш турист – екі австриялық және бір швед азаматы жараланған деп хабарлады Египет полициясы. Үшеуі де ауруханаға жеткізілген, дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екенін айтқан.

Египеттің туризм министрі Хишам Заазу қонақ үйге шабуылдағандар «террористер емес, ондағы адамдарды тонамақшы болғандар» деген.

Бұл оқиғаның алдында, 7 қаңтарда Каирдегі «Үш пирамида» қонақ үйінен шығып, автобусқа мініп жатқан израильдік туристерге белгісіз біреулер оқ атқан еді. Оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген. Кейін бұл шабуылға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG