Accessibility links

Прокурор: Парижде полицияға шабуылда оққа ұшқан - басқа адам


Белгісіз ер адам шабуылдамақ болған полиция бөлімшесі алдында тұрған құқық қызметкерлері. Париж, 7 қаңтар 2016 жыл.

Белгісіз ер адам шабуылдамақ болған полиция бөлімшесі алдында тұрған құқық қызметкерлері. Париж, 7 қаңтар 2016 жыл.

Парижде полиция бөлімшесіне қаңтардың 7-сі күні шабуылдаған кезде атып өтірілген ер адамның кім екені әзірше белгісіз қалып отыр. Оқиғадан кейін француз полициясы шабуылдаған адам бұған дейін 2013 жылы ұрлыққа қатысты күдікпен ұсталған Салах Али есімді Марокко тумасы деп хабарлаған еді.

Бірақ, жұма күні Париж прокуроры Франсуа Моленс шабуыл жасаған адам Марокконың емес, Тунистің тумасы екенін айтып, бұған дейінгі деректің қате саналатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, күдіктіден табылған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының туы салынған және Сирияны бомбалағаны үшін Франциядан кек алу туралы сөз жазылған хатта басқа адамның аты-жөні көрсетілген. «Арнайы қызмет органдарына ол есім таныс емес» дейді прокурор.

Франция әділет министрі Кристиан Тобира полиция бөлімшесіне шабуыл кезінде атып өлтірілген ер адамның қандай да бір радикалдық топпен байланысы туралы ақпарат жоқ екенін растады.

Парижде қаңтардың 7-сі күні президент Франсуа Олланд радикал исламшылдар Charlie Hebdo сатиралық журналына жасаған шабуылға тура бір жыл толуына байланысты полиция қызметкерлері алдында сөйлеген соң іле-шала, Париждегі полиция бөлімшелерінің біріне шабуыл жасалған.

Биліктің дерегі бойынша, полиция бөлімшесіне «Аллаһу акбар» деп айғайлап келген адамның пышағы мен жанкешті белдігіне ұқсас заты болған. Оны атып өлтірген полиция кейін күдікті заттың жанкешті белдігіне ұқсас етіп жасалған жай нәрсе екенін хабарлады. Париждің әртүрлі ұлт өкілдері тұратын ауданында болған оқиғадан күдіктіден басқа ешкім зардап шекпеген.

XS
SM
MD
LG