Accessibility links

АҚШ полициясына шабуылға күдікті ИМ-ге адалдығын айтқан


Полиция көлігіне оқ атып тұрған адам. Филадельфия, АҚШ, 7 қаңтар 2016 жыл.
Полиция көлігіне оқ атып тұрған адам. Филадельфия, АҚШ, 7 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ-тың Филадельфия қаласында көшеде полиция қызметкеріне оқ атқан 30 жастағы ер адам тергеу кезінде «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына адал екенін және шабуылды «исламды қорғау үшін» жасағанын мәлімдеген. Бұл туралы Филадельфия полициясының басшысы Ричард Росс хабарлаған.

Оның айтуынша, шабуыл кезінде қылмыскер бұған дейін полиция қызметкері пәтерінен ұрланған қарудан оқ атқан.

Бейсенбі күні Филадельфия көшесінде көлікте отырған полиция қызметкері Джесси Хартнетт өзіне оқ жаудырған ер адамға жауап оқ атып, ізінше әріптесіне көмекке келген өзге полицейлер күдіктіні қолға түсірген. Денесіне бірнеше оқ тиген Хартнетт қазір ауруханада жатыр.

Былтыр 3 желтоқсанда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Бернардино қаласында 27 жастағы Ташфин Малик пен оның 28 жастағы күйеуі Саид Фарук қарудан оқ жаудырып, 14 адамды өлтіріп, ондаған адамды жаралаған еді. Кейін оларды қолға түсірмек болған кезде екеуі де атыста оққа ұшқан.

XS
SM
MD
LG