Accessibility links

Кельнде PEGIDA шерушілері мен полиция қақтығысты


Кельнде PEGIDA қозғалысы наразылық акциясына шыққандар. 9 қаңтар 2016 жыл.

Кельнде PEGIDA қозғалысы наразылық акциясына шыққандар. 9 қаңтар 2016 жыл.

Германияның Кельн қаласында сенбі күні полиция мен әсіреоңшыл PEGIDA қозғалысы акциясына шыққан демонстранттар арасында қақтығыс болды. Шерушілер бөтелкелер мен петардалар лақтыра бастаған соң полиция оларға қарсы су шашты. Мигранттардың елге келуіне қарсы PEGIDA белсенділері жаңа жыл түні Кельн мен тағы бірнеше қалада әйелдерге қарсы жасалған жаппай шабуылдарға наразылық акциясын өткізуге шыққан.

Сенбі күні Германия канцлері Ангела Меркельді қолдайтын ХДС/ХСС партиясы босқын мәртебесін беру туралы заңды қатайтып, оған ауыр емес қылмыс түрлерін бірнеше қайтара жасаған босқындарды елден шығару жайлы өзгерістер енгізуді ұсынған. Меркель бұл ұсыныс билік коалициясындағы өзге әріптестермен талқылағаннан кейін парламенттің қарауына енгізілетіні туралы мәлімдеген.

Соңғы мәліметтер бойынша, Кельнде жаңа жыл түні жасалған жаппай шабуылдарға байланысты зардап шеккендерден түскен 379 өтініштің көбін әйелдер берген. Шабуылдарға күдікті ретінде ұсталған отыздан аса адамның арасында босқын мәртебесін алуға өтініш берген 18 мигрант бары анықталған. Қаладағы ахуалды бақылауда ұстай алмады деген сынға қалған Кельн полициясы бастығы жұма күні қызметінен кеткен еді. Мұндай шабуылдар Германияның Гамбург, Штутгарт және Франкфурт қалаларында да болған.

2015 жылы Германияға бір миллион жүз мыңға жуық босқын барған. Германия билігінің болжамы бойынша, 2016 жылы тағы соншама адам осы елге келуге тырысуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG