Accessibility links

Павлодарда апат салдарынан жүздеген тұрғын жылусыз отыр


Павлодар облысының аумақтық картасы.

Павлодар облысының аумақтық картасы.

Павлодар қаласында жылу желісі құбырындағы апат салдарынан көппәтерлі 25 үйдің тұрғындары екінші тәулік бойы жылусыз отыр. Ол үйлерге жексенбінің кешінде қайта жылу беріле бастайды деп хабарлады бүгін Азаттыққа апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін құрылған арнайы штаб кезекшісі Марат Асылбеков.

«Жылу желісі құбырындағы жөндеу жұмыстары бүгін кешке аяқталып, жылу беріледі» деді ол. Асылбековтың айтуынша, қазір қалада ауа температурасы – 21 градусты көрсетіп тұр. «Уақытша жылусыз қалған пәтерлерде температура +12-15 градус шамасында» дейді ол.

Апат салдарынан жылусыз қалған көппәтерлі үйлер тұрғындарына уақытша паналауға қаладағы қонақүй, санаторий және демалыс мекемелерінен 500 орын ұсынылғаны туралы қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жергілікті pavlodarnews.kz интернет-басылымы хабарлады.

Бірақ тұрғындар әзірше өз баспаналарын тастап кетуге ниет білдірмеген. Ал бұл уақытта сегіз бригада апат шыққан жылу құбырын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр деп хабарлайды әкімдік.

Қаңтардың 9-ы күні жергілікті уақытпен сағат 14 шамасында Павлодардағы Катаев және Суворов көшелерінің қиылысында диаметрі 700 миллиметрлік 10-шы жылу желісі құбырында апат болып, салдарынан жиырмадан аса көппәтерлі тұрғын үй, мектеп және балабақша жылусыз қалған еді.

XS
SM
MD
LG