Accessibility links

Мұнай бағасы 5 пайызға арзандады


Калифорния штатындағы мұнай кеніштерінің бірі, АҚШ. (Көрнекі сурет).
Калифорния штатындағы мұнай кеніштерінің бірі, АҚШ. (Көрнекі сурет).

Әлемдік нарықта мұнай бағасы кезекті рет арзандады. 11 қаңтарда Brent маркалы мұнай бағасы 6,01 пайызға арзандап, бір баррелі 31 доллар 89 центке түсті. WTI маркалы мұнай бағасы 31 доллар 38 центке (5,37 пайыз) арзандады. Мұнай мұндай бағаға соңғы рет 2003 жылы желтоқсанда арзандаған.

Биыл жыл басынан бері алты суда күнінде мұнай барлығы 16 пайызға арзандады. 2015 жылы мұнай бағасы 30 пайызға арзандаған. Мұнай бағасының шарықтау шегі - 143 доллар 29 центке 2008 жылы шілдеде жетіп, содан бері 79 пайызға арзандаған.

Мұнай кезекті рет Қытайда мұнайға деген сұраныстың азайғаны туралы ақпараттардан соң және жетекші қаржылық фирмалардың баға бұдан ары да төмендейді деген болжамынан кейін арзандап отыр.

Morgan Stanley инвестициялық банкі мұнай бағасы 20 долларға дейін арзандайды деп болжаса, Guggenheim Partners қаржылық фирмасы 25 долларға дейін арзандайды деп жорамалдайды. Сарапшылар мұндай болжамдарды әлемде, оның ішінде Қытайда экономикалық өсімнің баяулауына қарап жасап отыр.

АҚШ-тағы мұнай өндіру де соңғы айларда сарапшылар болжағандай көлемде азайған жоқ. Мұнай өндірудің өзіндік құны техникалық инновациялардың арқасында төмендеп, америкалық өндірушілерге бұған дейін пайда түспейді деп саналып келген аймақтарда мұнай өндіруге мүмкіндік тудыра бастады.

XS
SM
MD
LG