Accessibility links

Балгин "мақаланы тапсырыспен жариялағанын" мойындады


Журналист Рафаэль Балгин баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 12 қаңтар 2016 жыл.
Журналист Рафаэль Балгин баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 12 қаңтар 2016 жыл.

"Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен мақалалар жариялауға қатысты іс бойынша күдікке ілінген журналистер Махамбет Әуезов пен Рафаэль Балгин оппозициялық "Республика" және Nakanune.kz сайттарында банкке қатысты "тапсырыс бойынша көпе-көрінеу жалған ақпарат" жариялағанын мойындады.

Алматыда өткен баспасөз конференциясында Әуезов пен Балгин өздерінің басқа журналистер Гузяль Байдалинова, Ирина Петрушовамен бірге 2013-2015 жылдары кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың тапсырысы бойынша "Республика" мен Nakanune.kz сайттарында тапсырыспен материалдар жариялағанын айтты.

Әуезов пен Балгин екеуі кәсіпкерден "Казкоммерцбанк" жайлы тапсырыспен жазылған мақалаларды алып, оны Байдалинова мен Петрушоваға беріп отырғанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, бұл іске қатысушылар жарияланатын материалдардың "нақты фактілер және құжаттармен расталмағанын, тапсырыспен жазылғанын" білген.

Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен жазылған мақалаларды жариялау ісіне байланысты журналист, сайт иесі Гузяль Байдалинова екі айға қамалған. Байдалинова мен Балгин "көпе-көрінеу жалған ақпарат" таратты, "қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызды" және "Казкоммерцбанкке" ірі көлемде зардап келтірді" деген күдікке ілінген.

Балгин 18 желтоқсан күні үйіне жасалған тінтуден соң тергеу аясында екі айға қамалған еді. 11 қаңтарда ол кепілге босатылған.

Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан билігін Байдалинова мен Балгинді дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG