Accessibility links

Мәмбеталин-Нарымбаев ісінде екі өтінішті қанағаттандырмады


АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығының өкілі Тимоти П. О'Коннор. Алматы, 15 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығының өкілі Тимоти П. О'Коннор. Алматы, 15 қаңтар 2016 жыл.

Алматыда бүгін "алауыздық тудыру" айыбымен сотталып жатқан белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың сотында судья сотталушылар берген екі өтінішті қанағаттандырмады.

Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова сот залына АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығының өкілі Тимоти П. О'Коннорды кіргізу өтінішін мақұлдамады. Судьяның сөзінше, процесті бақылағысы келгендер сот барысын монитор қойылған арнайы бөлмеден де көре алады.

Нарымбаев сот-медициналық сараптама институтының директорын куәгер ретінде сотқа шақыртуды сұраған. Нарымбаев бұл институт сарапшысы Қадыркүл Есілбекова жасаған сараптамада "іс тапсырыспен жасалған" деген ұйғарымды меңзейтінін айтады.

11 қаңтар күнгі жауап беру кезінде Есілбекова сараптаманы сенбіге қараған түні басшысының ауызша тапсырмасымен шұғыл түрде жасағанын айтқан. Есілбекованың сөзінше, директор сараптаманы "мемлекеттік маңызды" болғандықтан жылдамдатып жасауды сұраған. Жарылғасова Нарымбаевтың бұл өтінішін де Есілбекованың жауабының өзі "жеткілікті" деп қанағаттандырудан бас тартты.

Бұл уақытта сот кеңсесінде өзін оппозициялық деп санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай мен ақын Мұхтар Шахановтың Мәмбеталин мен Нарымбаевқа оң мінездеме бергені белгілі болды. Бұл мінездемелер сот материалдарына қосылды.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG