Accessibility links

БАҚ: Ташкент Каримованың активтерін қайтарғысы келеді


Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова.

Швейцарияның L'Hebdo газетінің жазуынша, Өзбекстан президенті Ислам Каримов үлкен қызы Гүлнара Каримованың бұғауланған активтерін қайтаруға күш салып жатыр. Басылымда жарияланған "Каримов ханшайым қызының ақшасын қайтарғысы келеді" деп аталатын мақалада Ташкент АҚШ әділет министрлігіне қаржылық қылмыстарға қатыстылар жауапқа тартылғанын, ал Өзбекстан олардың қылмыстарының құрбаны болғанын айтып, қайырылған.

Бұл мақала авторы Франсуа Пиле Азаттықтың Өзбек редакциясына Еуропада бұғауланған активтерін қайтару үшін Өзбекстан үкіметі америкалық Holwell Shuster&Goldberg адвокаттық компаниясын жалдағанын айтқан. Осы компания арқылы 4 қаңтарда Өзбекстан әділет министрінің қолы қойылған хат Нью-Йорк судьясы Эндрю Картерге берілген. Хатта TeliaSonera, VimpelCom және MTC телекоммуникациялық компанияларының байланыс нарығына кіру үшін ірі көлемде пара беру ісіне қатысты тергеу басталған соң АҚШ банктердегі жүздеген миллион доллар жатқан есепшоттарды бұғаулағаны айтылған. Хатта Гүлнара Каримованың аты-жөні аталмағанымен, басқа бірнеше адам, оның ішінде көмекшісі Гаян Авакянның аты аталады.

Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау Нью-Йоркте 27 қаңтарға белгіленген.

Пиленің сөзінше, АҚШ әділет министрлігі қиын жағдайға тап болған. Ол сот өзбек билігінің пайдасына шешім шығарса, Еуропа банктерінде бұғауланған ақша Өзбекстанға қайтарылатынын айтады.

XS
SM
MD
LG